10 ақпан 2021 жылы Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде Педагогикалық оқулар ұйымдастырылды.

Педагогикалық оқуларды ұйымдастырудың мақсаты:

      Педагогтер арасындағы кәсіби шығармашылық қарым-қатынас орнату, тиімді инновациялық педагогикалық тәжірибелермен бөлісу, озық педагогикалық тәжірибелерді зерттеу және анықтау үшін арнайы алаң құру. 

Міндеттері:

  • колледждің педагогикалық қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамыту;
  • педагогикалық бастамалар мен инновацияларды қолдау;
  • озық педагогикалық тәжірибелерді зерттеу және анықтау;                            
  • кәсіби байланыс аймағын кеңейту;
  • жеке жұмыс тәжірибесін жалпылау арқылы мұғалімдердің
  • рефлексиялық қабілеттерін дамыту.

Педагогикалық оқулардың негізгі бағыттары

·       Білім беру сапасын заманауи бағалау.

·       Білім берудің әртүрлі кезеңдерінде тұлғаның рухани-адамгершілік қалыптасуы.

·       Жастарға қосымша білім беру практикасы әлеуметтік қалыптасу факторы ретінде.

·       Білім алушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандырудың педагогикалық технологиялары.

Колледж бойынша педагогикалық оқулардың осы бағыттарына  сәйкес 6 оқытушы қатысты.

Арнайы пән оқытушысы Бутабаева Назгуль Куанышбаевна. Тақырыбы: «Коллаборативное обучение как модель в преподавании экономических дисциплин».

  Бірлескен оқыту-бұл оқытушы  мен оқушылар топтасып мәселені шешуде, тапсырманы орындауда немесе өнімді құруда, бірлесіп жұмыс жасауды көздейтін оқыту мен оқытудың білім беру тәсілінің бірі.

Оқытушының бұл технологияны қолдану мақсаты экономикалық пәндерге білім алушылардың танымдық қызығушылығын арттыру. Мұнда іскерлік ойындар арқылы экономикалық пәндер бойынша сабақтарда бірлескен  орта құру. Түсіну кезеңінде КМ стратегиялары, сараланған тапсырмалар және диалогтық оқыту стратегиялары қолданылатыны көрсетілді. Сонымен қатар, оқушыларды бағалауда өте тиімді екені байқалады. Осы технологияны пайдалану кезінде  оқушылардың танымдық белсенділігі артқандығы; оқуға деген ынтаның артуы, оқушылардың коммуникативтік дағдыларының дамуы байқалады.

Арнайы пән оқытушысы Төлеу Ермек Серікұлы. Тақырыбы: “CLIL деген не немесе әлемді ағылшын тілі арқылы танимыз”.

CLIL білім беру технологиясын кеңінен қолдану арнайы пәндерді шет тілінде игерудің құзыреттілігін дамытады, замануи білім беру бағдарламаларында қолдану қажеттілігі мен тиімділігін растайды. Оқытушы өз тәжірибесінде осы технологияның шет тілін үйренуге өте ыңғайлы технология екендігін, оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артқандығын атап өтті.

Дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Жорғатаев Думан Ардақұлы. Тақырыбы: «Денешынықтыру сабағында қолданылатын технологиялардың түрі».

 Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын құрастырады. Салауатты өмір салтын насихаттауда, салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру мәселелерін жетілдіретін, осы саладағы басымдылықтарды анықтайтын ғылым да, өскелең ұрпақты оқыту, тәрбиелеу формалары мен жаңа әдістерді ұстанатын білім де қажет.

Оқытушы дене тәрбиесі сабағында жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігінің жоғары екендігін өз тәжірибесінде көрсете білді. Сабағында қолданылған деңгейлік тапсырмалар, бейне сұрақтар, сәйкестендіру тесті, видеосабақтар  оқушылардың  пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасының артқандығын дәлелдей түседі.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Керімқұлова Жанат Сағынтаевна. Тақырыбы: «Jamboard қосымшасын қазақ тілі мен әдебиеті сабағында тиімді пайдалану».

Оқытушы өз тәжірибесімен бөлісіп, Jamboard қосымшасы арқылы сабақты өте тиімді, әрі қызықты өтуге болатындығын айтты.  Jamboard қосымшасында Вен диаграммасын қолдануға, әр түрлі стикер қағаздарын қолданып сұрақтар қоюға, суреттерді жүктеуге болатындығын дәлелдеп көрсетті.

Арнайы пән оқытушысы Садықов Ұлан Ерболұлы. Тақырыбы: «Арнайы пәндерді оқытуда жаңа технологияларды пайдаланудың ерекшелігі».

Оқытушы өз сабағында қолданылатын жаңа технологиялардың барлығының тиімді екенін, оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігінің артатындығын өз тәжірибесімен бөлісіп, дәлелдеп берді. Мұндағы қолданылған технологияның  түрлері: Kahoot және Jamboard қосымшалары, Random-name-picker бағдарламасы, Кластер әдісі, Swot талдау әдісі, Топтастыру стратегиясы, , Миға шабуыл, Критериалды бағалау.

Физика пәнінің оқытушысы Қожабекова Айсара Нургудиевна. Тақырыбы: «Ж.Қараевтың Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» педагогикалық технологиясын физика пәнінде қолдану.

«Үш өлшемді әдістемелік жүйе» технологиясы дегеніміз-студенттің туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке дамуының  жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Бұл технология үш деңгейде берілген. Деңгейлеп оқыту оқылатын ақпараттың азаюы арқылы емес, студентке қойылатын талаптардың әр түрлілігі арқылы жүзеге асырылады. Бұл технологияда бірінші орында студент тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.

Оқушылардың өз бетінше білімді ізденіп оқитындығын, белсенділігінің артқандығын, ынтасының жоғарылағандығын  оқытушы өз тәжірибесімен бөлісіп, нәтижесін көрсетіп берді.